1.02.2018, 15:04
Қараулар: 565
СІЗ ҚАНДАЙ ӘКЕСІЗ?

СІЗ ҚАНДАЙ ӘКЕСІЗ?


Жұмақ анамыздың табанының астында десек, сол жәннаттың ортаңғы қақпасы — әкелеріміз екенін айтады Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. а. у.) өз хадистерінің бірінде. Ал заманына сай адамы өзгергенде әкеге деген қадір-қасиетімізді, мейлінше, арттыра алдық па? Әлде әке деген ұғым тек отбасын асыраушы болып шектелді ме? «Қазіргі қоғамда әке рөлі қандай?» деген сауалға жауап беріп көрейік.


«Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалының қолдауымен «Камен» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында «Әке көрген оқ жонар» атты пікір-талас кездесуі өтті. Оған қатысқан көпбалалы отбасылардың отағалары мен «Ақ тілеу» әжелер ансамблі мүшелері өнегелі әңгіме өрбітті.

-Бұрынғы әкелер қатал, айтқанынан қайтпайтын еді. Қас-қабағымен-ақ бала-шағасын тізгіндеп отыратын. Олардың алдын кесіп өту, айтқанын екі ету ойымызға кіріп те шықпайтын. Аналарымыздың «Әкең келе жатыр» деген сөзі-ақ есімізді жиғызып, еркелігімізді қойғызатын. Әкемізге деген құрметіміз анамыздың сөзі арқылы артып отырушы еді,- деген пікірін ортаға салған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова бүгінгі әкелердің бала тәрбиесіндегі орнына тоқталды.

Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, Оян ауылынан келген Мақат Қойшыбаев өз сөзінде қазақ — әке-шеше түгілі көрші-көлем мен бір ауылда тұрған азаматтарға үлкен сыйластық танытқан халық екенін айтады.

 – Үлгі-өнегесімен еліне жаққан азаматтарды әкеміздей көріп өсетінбіз. Ескерту айтса, құлақ түріп, ақылын алатынбыз. Соны абырой санап, сол адамның көңілін қалдырмайтынбыз,- деді ақсақал.

Байқап қараған жанға бұл сөздердің жаны бар, әрине. Қазіргі қоғамда баланың көрші түгілі әке-шешенің сөзін көтермейтін «мінездері» бар. Өз дегенін істетеді, болмаса өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне барады. Кей жағдайда баланың әке-шешеге деген сыйластығы олардың материалдық жағдайына тәуелді болып қалатынына не дерсіз?«Шеше көрген  тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген дана халық ұрпағының аяқ астынан өзгеруіне не себеп? Айтылған мәселенің барлығына берілген тәрбие солай десек, қателік кімнен кетіп тұр?

Бүгінде ауданымыз бойынша 1349 толымды жанұя болса, толымсыз отбасы саны 358. Жалпы елімізде статистикаға сүйенсек 68 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Алайда бұның көпшілігі әйелімен ажырасқан соң, балаға алимент төлемей жүргендер екенін ескергеніміз жөн. Себебі, ана орнына ана, әке орнына әке болып жүрген кейбір алтын басты азаматтардың есімдері солардың қатарында тұр.

Есен-аман өссе, екі ұлы – екі қанаты болайын деп тұрған сондай азаматтың бірі Самат Айтбаев. Оның әйелі Аида небары 25 жасында дүниеден озған. Әйелі өмірден өткенде үлкен ұлы 5 жаста, кішісі 5 айлық болған. Тағдырдың сынағына мойымай, келер күнге үмітпен қараған Самат мырзаның бар уайымы да, сенімі де – екі баласының болашағы.

-Кей жағдайда әке шешенің орнын баса алмайды деп жатады. Жарымнан айырылғалы біраз уақыт өтті. Балаларым ер жетіп қалды. Тәрбиелеу керек, аяқтарына тұрғызуым керек деген мақсатым ғана бар. Ұлдарымды бағып-қағуда анам көмектеседі. Әкімшілік тараптан келіп жатқан жәрдем біршама. Баланың әке мен ана тәрбиесін қатар көргені, әрине, жақсы. Дегенмен, басқа салған соң көнбеске амал бар ма? Өз басымнан өткенді ешкімге тілемеймін,- деді С.Айтбаев.

«Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» дейді қазақ нақылы. Дегенмен, ана алақанының жылуын сезіп өскен балада арман бар ма, шіркін. Өмір сүрудің әдебін үйреніп шығатын отбасыдан ғана текті ұрпақ тарайтыны хақ.

Аудандық мәдени-демалыс орталығында қызмет атқарып, өнерімен ел қошеметіне бөленген Мағжан Жұмағалиев көпбалалы отбасында тәрбиеленгенін мақтан етеді. Пікір-талас барысында әкесі туралы үлкен сүйіспеншілікпен айта білген Мағжаннан шара соңынан сұхбат беруін сұраған едік. Сұлтан есімді бір ұлдың әкесі атанып отырса да, әкесі жайында кеңінен көсілді. Оның сөзінен-ақ әкесі Тілекқабыл Жұмағалиевтің қарапайым азамат, абыройлы әке, жанұяның қамқоршысы екенін сездік.

-Үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлауды үйреткен әкеміз – өмірімде үлгі алып өскен тұлғам. Оның сабырлы мінезі, бірбеткейлігі мен адалдығы менің де бойыма дарыса екен деп армандаушы едім. Ауыл мектебінде оператор болып қызмет еткен әкеміз, анам Оралгүл, екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Отбасымыздың берекеге толы болуын тілейтін еді. Жаман әдеттен аулақ болу, дұрыс жүру, ел көзіне жаман көрінбеу әр біреуіміздің өмірлік мақсатымыз болды. Қарапайым қызметте болса да, армандарымыздың орындалуын тілейтін, біздің алаңсыз оқуымызға барын салатын. Әлі есімде студент кезімде маған ақша беріп жіберіп, сыртындағы қағазға өз есімін жазып жіберетін. Сондағысы үйді сағынбасын, алаңсыз оқысын деген ниеті екен.

Әкесі Тілекқабыл өзін еңбекке ерте жастан баулығанын Мағжан сүйсіне айтады. Сондай-ақ отбасыдағы негізгі дәстүрлерді де бүгін өз шаңырағында ұстанатын көрінеді. Әсіресе, келген қонаққа құрмет көрсетіп, қолдағы барды бөлісу негізгі ұстанымдары. Бұған қоса, біреуге жақсылық жасасаң ол тек шынайы ниеттен болу керек дейді.

Тағдыр сый етіп берген ата-ананы мақтау да, оларды мақтан тұту да бала үшін парыз, үлкен абырой. Бір қызығы, шараға қатысқан мектеп оқушыларына «Өз әкелерің жайлы не айтасыңдар?» дегенде орнынан көтерілген жан болмады. Осыдан-ақ, бала әкесі жайлы айта алмайтындай не күн туды деген ойда қаласың. Әкелері мақтауға лайық емес пе? Әлде, күні бойы телефон мен ғаламтордан қол үзбейтін балаға бүгінгі әкелер тәрбиесінің қуаты сезілмей жатыр ма?

Әсемгүл БЕКЕШЕВА